Апелляциялық сот экс-депутат Нұржан Әлтаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды


17/01/2024
14:34 9794 0

Фото: Нұржан Әлтаевтың facebook парақшасынан

16 қаңтарда Астана апелляциялық соты экс-депутат, тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде Азаттық радиосы хабарлады. 

Басылым мәліметінше, сот жабық өткен. Астана сотының өкілі Әлтаевтың процеске онлайн қатысқанын айтқан. Саясаткердің адвокаты Гүлшат Дүйсенова енді Жоғары сотқа кассациялық шағым түсірмек. 

Нұржан Әлтаев 2023 жылы маусымда қамауға алынған. Оған Еңбек министрінің орынбасары болып тұрған уақытта пара алды деген айып тағылған. Бірақ ол өзіне тағылған айыппен келіспеген. Сотта істің саяси астары барын айтқан. Былтыр қарашада сот Әлтаевты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған. 

45 жастағы Нұржан Әлтаев «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясынан алтыншы шақырылымдағы парламент мәжілісінің депутаты болған. 2018-2019 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, оның алдында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 

2020 жылы мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы алдында оппозициялық партия құратынын мәлімдеген. Оған дейін «Нұр Отан» партиясы қатарынан шығарылып, депутат мандатынан айырылған. Кейіннен «партия құруға билік кедергі келтіргенін» айтқан. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

17/01/2024 14:34
9794 0

Уведомление